Accessibility links

Путиннің суреті, Z-поэзия. "Орыс үйі" Орталық Азияда қалай жұмыс істейді?


"Донбасс: путь к миру" фильмінің көрсетілімі. Душанбе, 22 мамыр 2025 жыл.
"Донбасс: путь к миру" фильмінің көрсетілімі. Душанбе, 22 мамыр 2025 жыл.

Қырғызстандағы мектепте "Матушка Россия" әні шырқалып, Владимир Путиннің портретінің жанында фотоға түскен. Тәжікстанда студенттерге "Ресейдің" Донбассы жайлы фильм көрсеткен. Қазақстанды Z-ақындар өлең оқыған. Мұның бәрі – Ресейдің мәдени байланысына жауап беретін "Орыс үйі" ("Русский дом") ұйымының жұмысы. Ал Қырғызстанда осы ұйымның қызметкері адамдарды соғысқа баруға арбады деп ұсталған соң, "Орыс үйі" Орталық Азияда немен айналысады деген сауал туындады. "Азаттық Азия" редакциясы "Орыс үйінің" қызметіне үңіліп көрді.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысы Кызыл-Суу ауылындағы Садырбек Абдракманов атындағы мектеп – "Орыс үйімен" 2023 жылдан бері серіктес. Ол кезде ұйым кітаптар берген еді. Ал 2024 жылы "Россотрудничествоның" ("Орыс үйінің" бір атауы) тағы бір серіктесі "Русская гуманитарная миссия" келіп, құрылғылар мен жиһаздар беріп кетті. Ал 2025 жылы мамырды орыс тілі сыныбын толық безендірді.

Мектепке сыйлықты "Матушка Россия" әнімен қарсы алды. Ал орыс тілі сыныбында оқушылар Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей президенті Владимир Путиннің портретінің алдында суретке түсті.

Қырғызстан мектебіндегі шара.
Қырғызстан мектебіндегі шара.

Бұдан бір ай бұрын Тәжікстандағы Ходжанд және Душанбе қаласында студенттер, оқытушыларға "Донбасс. Признанный" және "Донбасс: путь к миру" фильмдерін көрсеткен. Бұл аймақтың біраз бөлігін Ресей Украинадан оккупациялап алған еді.

"ОРЫС ҚЫСЫНЫҢ ПОЭZИЯСЫ"

2022 жылы Орталық Азияда мұндай шаралар көп болды. Оларды қайырымдылық және білім бағдарламаларымен кезек-кезек өткізіп отырады.

Орталық Азиядағы "Орыс үйілері"

  • Қазақстан — 4 бөлім (Астана, Алматы, Орал, Өскемен)
  • Қырғызстан — 2 (Бішкек, Ош)
  • Тәжікстан — 2 (Душанбе, Ходжанд)
  • Түркіменстан — 1 (Ашхабад)
  • Өзбекстан — 1 (Ташкент)

Бұған дейін бұл ұйымның аймақта мәселесі болмаған, бірақ 2025 жылы сәуірде қызметкерлерінің бірін Қырғызстанда ұстады. Оған және үш адамға (арасында Ош қаласы мэриясының баспасөз хатшысы бар) соғысқа адамдарды арбады деген айып тағылды. Істің жай-жапсары айтылмады. Ал "Орыс үйі" Қырғызстанда жұмысын жалғастырып жатыр.

Орталық Азияда "Орыс үйі" ұйымдастырған шаралардың саны және оған кеткен қаржы белгісіз. Ал "Россотрудничества" бюджеті 47 млн доллардай болады.

"Орыс үйі" көбіне тренингтер мен конкурстар өткізіп, кітаптар таратады, мейрамдарды ұйымдастырады. Шараларының көбі 9 мамырға арналады және "Ресей сіздермен бірге" деген ұранмен өтеді.

Бұл ұйым 2025 жылы Өзбекстан, Ауғанстан, Замбия, Финляндия, Моңғолия, Үндістанда "Донбасс. Мама, когда ты меня заберешь?" фильмін көрсеткен. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және тағы басқа елдерде аннексияланған Қырым түбегі жайлы "Крым. Перерождение" деген фильмді қойған.

"Донбасс. Признанный" фильмінің көрсетілімі. 3 сәуір 2025 жыл.
"Донбасс. Признанный" фильмінің көрсетілімі. 3 сәуір 2025 жыл.

Ұйымның сайтындағы ақпарат бойынша, бұл фильмдер Қазақстанда көрсетілмеген. Бірақ Астанада ақындар Алиса Орлова мен Виктор Слипенчуктің "Орыс қысының поэzиясы" деген кеш өткен.

Орлова 2022 жылы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргенін "мереке" дейді. Слипенчук те әскери өлеңдер жазады. "Орыс қысының поэzиясы" кешінің мазмұны жайлы ештеңе айтылмады. Бірақ 2024 жылы желтоқсанда Ресейде "шетел агенті" деп танылған Sotaproject басылымының журналистері барған. Репортажда Z-ақындар соғыс туралы өлеңбер оқыған.

"Қазақстандық актриса ел үкіметі бейтарап саясат таңдағанына шағымданған (ол Қазақстанның Украинамен соғысқа әскер жібермегеніне өкінсе керек) әрі жазушылардан Қазақстандағы Ресейдің жақтастарын ұмытпауды сұрайды" дейді басылым.

"РОССОТРУДНИЧЕСТВО" НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

Ресейдің "Россотрудничество" федералдық агенттігі 2008 жылы құрылғанымен, бұл ұйымның түп-тамыры 1925 жылғы "Бүкілодақтық шетелмен мәдени байланыс қоғамында" жатыр.

"Россотрудничество" сайтындағы дерекке қарағанда, агенттіктің филиалы 71 елде бар. 2025 жылы Әзербайжан Бакудегі "Орыс үйін" жабу туралы шешім қабылдаған.

Бұл ұйым қағаз жүзінде орыс тілін оқытумен, мәдени, қайырымдылық және білім бер шараларын ұйымдастырумен айналысады. Шетелдегі орыс тілді диаспораны біріктіріп, Ресейде оқуға стипендия береді.

2022 жылдан бері "Орыс үйі" орыстілді халықтардан "шектелгені я қорлық көргені" жайлы арыз-шағымдарды қабылдай бастады.

"Донбасс. Признанный" фильмінің көрсетілімі. 3 сәуір 2025 жыл.
"Донбасс. Признанный" фильмінің көрсетілімі. 3 сәуір 2025 жыл.

Агенттікті биліктегі "Единая Россия" партиясының мүшелері мен бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер басқарады. Ал басшыны президент әкімшілігі қабылдайды.

Қазір ұйымды 49 жастағы Евгений Примаков басқарады. Ол мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты, Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Евгений Примаковтың ұлы. "Россотрудничество" басшысына қазір ЕО, Украина, Канада және Швейцария санкция салған.

Агенттік "миссиямыз Ресейдің әлемдегі гуманитарлық ықпалын арттыру" дейді. Ал Atlantic Council ұйымды "орыс әлемі" концепциясын тарататын Ресейдің "жұмсақ күші" деп атайды. Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропа одағы "Россотрудничествоға" санкция салған.

"Россотрудничество Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін саясат жүргізеді" дейді Еуропа одағы.

"УАҚЫТ БІЗГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ"

Қырғызстанда соғысқа адам арбауға қатысты болған шуға қарамастан Орталық Азия елдерінің үкіметтері "Орыс үйінің" жұмыстарына көп назар аудара бермейді. 2023 жылы Азаттықтың Қазақ қызметінің журналистері Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан қазақстандық балалардың аннексияланған Қырым түбегіне барғанына қатысты сұрағанда "ол – адамдардың жеке ісі" деп жауап берген.

2025 жылы мамырда Қазақстан мен Қырғызстаннан балалар тағы да Қырымға барып қайтты.

Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский мұндай сапарларды Ресейдің саяси мақсаттарын орындау әдісі деп санайды.

— Егер жас ұрпаққа орыс мәдениетін таныстырғысы келсе Қырымға емес, "Ресейдің алтын шеңберіне" алып барар еді. Бірақ бұл жерде саяси мақсатты көріп тұрмын. Ақылға салып ойлансақ, балаларды Қырымға апарудың өзі қауіпті. Бұл аумақ жиі шабуылға ұшырайды. Балаларын осындай сапарға жіберген ата-аналарды да түсінбеймін.

Сарапшының пайымдауынша, "Россотрудничества" қағаз жүзіндегі мақсаты әлем елдеріндегі диаспораны қолдау екені түсінікті, бірақ Ресей бастаған соғыс кезінде бұл ұйым басқадай қабылданады.

— Ресми айтылған мақсатынан ештеңе байқалмады. Себебі көптеген ел диаспорасын белгілі бір деңгейде байланыс ұстайды. Бірақ бұл – Ресейдің қазіргі билігінің империялық саясаты. Әрине, осыған байланысты "Россотрудничестваның" мұндай әрекеттері басқаша қабылданады. Бұл – Кремльдің жетекшілерінің сыртқы мақсаттарын шешуге, постсоветтік аймақтағы ықпалық сақтауға пайдаланатын "жұмсақ күші".

Қырғызстандық журналист Адиль Турдукулов "Россотрудничества" қызметінде барлау әрекеттері де бар деп санайды.

— Меніңше, Қырғызстанда бұл құрылым қалай қолданатыны құпия емес. Олардың дипломатиялық иммунитеті бар және бұл жасырын шпиондықпен айналысуға сылтау. Әрине, қызметкерлерінің адамдарды соғысқа арбауы қызыл сызықтан өткені. Бұл – Қырғызстанда ауыр қылмыс. Олардың қызметіне жағдай жасалған, себебі көп адам орысша біледі, экономикалық тұрғыдан тәуелді. Қырғызстанға федеральды телеарналардың ықпалы көп.

Қырғызстан университетіне 600 кітап сыйға тартқан сәт. 17 сәуір 2025 жыл.
Қырғызстан университетіне 600 кітап сыйға тартқан сәт. 17 сәуір 2025 жыл.

Журналист қырғыз мектебінде Ресей президентінің фотосын ілуді ашық ишара деп санайды.

— Бұл олардың тәуелсіз елде еш ережесіз әрекет ететінін көрсетеді. Бәлкім бұл ұйымның миссиясы біздің әлі де бұрынғы империяның сынығы екенін көрсету шығар.

Ал Виктор Ковтуновскийдің пайымдауынша, "Россотрудничества" ұйымдастыратын шаралардың нақты мақсаты бар.

— Мұндай шара ұйымдастыру арқылы олар Қазақстандағы идеологиялық жақтастарын анықтайды. Мұндай шараға баратындар – жай ғана симпатизанттар емес, "Россотрудничестваның" мақсатын, қызметін қолдауға дайын адамдар. Екінші жағынан, бұл бәлкім арандату да болуы мүмкін. Шараларға қатысты қандай да бір шу болса, Z-белсенділерге Қазақстанға қарсы шулы науқан жасап, сенімсіздікті ұялатып, ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленістіруге себеп. Тілді, мәдениетті шектеді деп мәлімдеуге де себеп.

Саясаттанушы, Ресейдің "жұмсақ күші" бұл жайттарға қарамастан ықпалы азайып барады, себебі елде қазақтілді халықтың үлесі мен қазақтілді БАҚ ықпалы өсіп келеді.

— Бұл Кремльді алаңдатып отыр. Жастар тәуелсіз дереккөздерді оқиды, Ресейдің пропагандасын тыңдау оларға қызық емес. Қарттар азайып барады, сондықтан уақыт бізге жұмыс істеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG