Трамп Қытаймен сауда келісіміне қол қойылғанын жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда келісіміне қол қойылғанын мәлімдеді.

"Біз кеше ғана Қытаймен келісімге қол қойдық. Бізде керемет мәмілелер жасалмақ. Үндістанмен де өте ірі келісім жасалуы мүмкін. Біз [АҚШ бизнесіне] Үндістанды ашық қыламыз. Қытаймен жасалған келісім аясында біз [АҚШ өндірушілері үшін] Қытай нарығын аша бастаймыз", – деп мәлімдеді Трамп Ақ үйде салық жеңілдіктерін ұзарту және бюджетке арналған "ірі әрі әдемі" заңға арналған шарада сөйлеген сөзінде.

Президент Трамп Қытаймен жасалған келісімнің егжей-тегжейін ашып айтпады, бірақ, АҚШ сауда министрі Говард Лютниктің сөзінше, құжатта мамыр айында Женевадағы келіссөздерде қол жеткізілген уағдаластықтар бекітілген. Мәселен, Қытай АҚШ-қа сирек кездесетін металл элементтерін жеткізуді міндетіне алды.

"Олар бізге сирек кездесетін элементтерді жеткізеді. Осы шаруа іске асқан бойда біз қарсы шараларымызды тоқтатамыз", — деді Лютник Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.

Лютниктің айтуынша, келісімге екі күн бұрын қол қойылған. Бұған қоса министр Ақ үй жақын арада АҚШ-тың он ірі сауда әріптесімен сауда келісіміне отыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Ал Қытайдың коммерция министрлігі Пекин бақылауда ұстап отырған тауарларды экспорттау жайлы берілетін өтініштерді мақұлдауға келіскенін хабарлады. Бұған жауап қадам ретінде АҚШ қолданыстағы бірқатар шектеулерді ішінара алып тастамақ.

Ақ үй өкілі АҚШ пен Қытай Женева келісімінің іске асырылу шарттарын келісіп бекіткенін растады. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі мен Қытай сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға байланысты әзірше түсініктеме берген жоқ.

Сәуір айында Трамп бастаған сауда соғысы екі ел өзара енгізген кеден алымдарының рекордтық өсуіне алып келді: АҚШ тарапынан 145 пайызға дейін, ал Қытай жағынан 125 пайызға дейін көтерілді. Маусым айының ортасында АҚШ президенті Пекинмен келісімге қол жеткізілді деп хабарлаған. Ол кезде Трамп Қытайдың АҚШ-қа магниттер мен сирек кездесетін минералдар жеткізетінін, ал бұған жауап ретінде Вашингтон Қытай студенттерінің АҚШ университеттерінде білім алуына рұқсат беретінін айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трампты баж енгізуді тоқтата тұруға қаржы мен сауда министрлері көндірген