26 маусым күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасудың жаңа – жетінші кезеңі өткенін хабарлады. Соғысып жатқан екі тарап бұған дейін өз өкілдері Стамбұлдағы келіссөздер аясында жасасқан уағдаластыққа сәйкес тұтқын алмасқан.
Мұның алдында Ресейдің қорғаныс министрлігі де екі жақ тұтқын алмасқанын хабарлаған. Бұрынғы кезеңдердегідей, бұл жолы да нақты неше тұтқын алмасқаны жайлы мәлімет берілмеді.
Украина тұтқын алмасу аясында еліне қайтарған ресейлік сарбаздар (Ресей қорғаныс министрлігі 2025 жылғы 26 маусымда жариялаған видеодан скриншот)
"Алмасу жалғасып жатыр – тағы бір кезең өтті. Бүгін Қарулы күштердің, Ұлттық гвардияның, Мемлекеттік шекара қызметінің жауынгерлері оралды. Олардың көпшілігі 2022 жылдан бері тұтқында болған. Біз әрбір сарбазды табуға, әрбір есім-сой жайлы ақпаратты тексеруге қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Біз өз адамдарымыздың бәрін үйіне қайтаруымыз керек. Осы істе көмектесіп жүрген әрбір жанға алғыс айтамын", – деп жазды президент Зеленский бейсенбі күні телеграм-арнасына.
Соның алдында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та пікір білдіріп, Стамбұл келіссөздері аясында тұтқын алмасу аяқталған соң Ресей мен Украина делегациялары жаңа кездесу күнін белгілеуі мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда бейсенбі күнгі тұтқын алмасу соңғысы ма, жоқ па – әзірге беймәлім.