Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жөніндегі үкіметаралық келісімге 2025 жылдың аяғына дейін қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы журналистердің сауалына жауап берген Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Жергілікті БАҚ хабарлағандай, министр жобаның нақты құнын атамаған. Оның айтуынша, әзірге тек әлеуетті жеткізушілердің конкурс аясында ұсынған алдын ала есептері ғана бар.
Елдегі бірінші АЭС салуда Ресейге басымдық беру себебіне тоқталған Сәтқалиев бұл шешімнің өзге жайттарға қоса, "құрылыс мерзіміне байланысты ұсыныстарға да" қатысты екенін айтты.
"Қытайлық әріптестермен келіссөздер жүргізілгеннен кейін ғана құрылыс мерзіміне қатысты түсініктеме бере аламыз", – деді министр.
Қазақстанда алғашқы АЭС салу үшін қажет технология жеткізуші ретінде Ресейдің "Росатом" компаниясы таңдалғаны 14 маусымда белгілі болған. Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігі хабарлағандай, атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия осы компанияның шарттарын "ең тиімді әрі оңтайлы" деп бағалаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып бермекБиыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ.
Алайда көптеген эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген.