Reuters агенттігі Иранда Израильге «тыңшылық жасады» деп айыпталған үш адам дарға асылғанын хабарлады.
Иран үкіметінің хабарлауынша, өлім жазасына кесілгендер "Моссадпен (Израиль барлау қызметі) әріптестік орнатып", "Ирандағы жоғары лауазымды шенеуніктерді өлтіру үшін пайдаланған жабдықтарды контрабандалық жолмен тасымалдауға көмектесті" деп айыпталған.
BBC ақпарат агенттігі бірнеше күн бұрын осындай айыппен тағы екі адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлаған. Иран-Израиль қақтығысы басталғалы бері "Израильмен байланысы бар" деген күдікпен Иранда соңғы екі аптада 700-ден астам адам тұтқындалған.
Екі ел арасындағы қарулы қақтығыс 13 маусымда Израиль Иранның ядролық қару жасауына тосқауыл қояюды көздейтінін мәлімдеп, ядролық нысандарына соққы берген кезде тұтанған. Операция барысында ядролық қаруға қатысы бар делінген бірнеше ғалым да өлтірілген. Иран бұған жауап ретінде Израильді зымыранмен атқылаған. Тараптар 24 маусымда атысты тоқтатуға келісті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолкер Түрік 2024 жылы Иранда 901 адамның дарға асылғанын айтқан.